Құрметті оқырман!
«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы Қазақстанның ұлттық энергия жүйесіндегі негізгі элемент ретінде ел экономикасында стратегиялық жүйе құраушы мәнге ие. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ Компаниялар тобының Қазақстан бойынша электр энергиясын өндірудегі үлесі 29 %-дан асты. Компания электр энергиясын өндіруді 31,4 млрд кВт*с-қа дейін ұлғайтты, яғни 2019 жылдың көрсеткіштерінен 4 %-ға жоғары.
Көмір өндіруші компаниямыз «Богатырь Көмір» ЖШС 2020 жылы 43,4 млн тонна көмір өткізді, бұл көрсеткіш жоспардағыдан 4 %-ға жоғары. Орталық Азияның энергия жүйесіне жеткізілген экспорттық электр энергиясының көлемі шамамен 860 млн кВт*с құрады.
2020 жылы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен жаңғырту және қайта жаңарту бойынша инвестициялық келісімге отыруды жоспарлап отырған электр станцияларының тізіміне енгізілді. Бұл маңызды оқиға жоба бойынша тартылған инвестициялардың қуат нарығының тетігі арқылы қайтарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Жобаны іске асыру станцияның жобалық қуатын 4 000 МВттан ұлғайтып, оны қалпына келтіруге мүмкіндік бермек. № 3 энергия блогын салу арқылы «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ станциясын кеңейту жобасын іске асыру жалғасуда.
«Самұрық-Энерго» АҚ жаңартылатын энергия көздерін дамыту бастамасын белсене қолдап отыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша топтың ЖЭК нысандарында электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 336 млн кВт*с құрады, осылайша компанияның ЖЭК нарығындағы 10 % үлесін қамтамасыз етті. «СамұрықЭнерго» АҚ гидроэнергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2020 жылы біз белгіленген қуатты 100 МВт-тан 126 МВт-қа дейін ұлғайта отырып, «Шардара СЭС» АҚ толық жаңғырту бағдарламасын аяқтадық. Жобаның қуат тапшылығы анық байқалатын Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз ету және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттырудағы маңызы зор.
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі компанияның ұзақ мерзімді несиелік рейтингтерін «Тұрақты» болжаммен «ВВ» деңгейінде растады, сондай-ақ компанияның несиелік қабілеттілігі рейтингін дербес негізде «b»-ден «b+»-ге дейін көтерді.
2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты бүкіл әлемде туындаған қиыншылықтар «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобын да айналып өткен жоқ. Алайда, күрделі эпидемиологиялық жағдайда Компания барлық электр станциялары мен көмір өндіретін нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етті. ТЖ режимі қазақстандық энергетиктердің кәсіби біліктілігін, сала мамандарының жұмыла жұмыс істеу қабілетін көрсетті. Алдарыңыздағы Есепте ұсынылған ақпараттық мәліметтер Компанияның күш-жігерге толы қажырлы жұмысын, қол жеткізген жетістіктері мен болашаққа деген зор сенімін айқын бейнелеп отыр. Қорыта келе, барша энергетиктерге, серіктестеріміз бен Акционерімізге, «Самұрық-Энерго» АҚ мен оның барлық еншілес және тәуелді компанияларының қызметкерлеріне ынтымақтаса атқарған ынталы жұмысы үшін, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамыту жолындағы жасампаз еңбегі үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді!