«Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесі Төрағасының кіріспе сөзі

Құрметті оқырман!

2020 жыл Компания тарихындағы ерекше маңызды жыл болды. Бұл уақыт – бүкіл электр энергетикалық холдингтің елмен бірге кемелділік пен орнықтылыққа, жоғары кәсібилікке емтихан тапсырған кезеңі. Коронавирус пандемиясы азаматтарымыздың қалыпты өміріне елеулі түзетулер енгізді. Десек те, «Самұрық-Энерго» АҚ энергетиктері осы ауыр сынақтан абыроймен өтті деуге болады, эпидемия өршіп тұрған кезде өздерінің барлық электр станциялары мен көмір өндіретін нысандарының күнделікті жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, көрсеткіштердің өсу қарқынын сақтап қалды.

«Самұрық-Энерго» АҚ 2020 жылы өзінің қаржылық орнықтылығын нығайтты. Бір жылғы қызмет нәтижелері бойынша Компания несиелік тәуекелдің «жасыл» аймағына өтті, бұл деңгей экономикалық ахуалдың айтарлықтай өзгерістеріне, COVID-19 пандемиясының әсеріне қарамастан қаржылық тұрақтылық жағдайын көрсетіп отыр. «Жасыл» аймаққа өту үшін компания менеджменті борыштық жүктеме деңгейін төмендету және валюталық тәуекелдерді барынша азайтуға қатысты ауқымды іс-шаралар кешенін жүзеге асырды. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде борышты басқару бағытындағы жоспарлы жұмыс борышты 94,5 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді, бұл шара акционер белгілеген қаржылық тұрақтылық коэффициенттерінің мақсатты көрсеткіштерін орындауға ықпал етті. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ұзақ мерзімді рейтингтерін «ВВ» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты», сондай-ақ компанияның несиелік қабілеттілік рейтингін дербес негізде «b» – ден «b+» дейін көтерді.

2020 жылы компания операциялық және күрделі шығыстарға (жалпы сомасы 18 млрд теңгеге) ауқымды оңтайландыру жүргізді, ол белгілі бір сақтандыру «көпшігін» қалыптастырып, қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Оңтайландыруға қатысты іс-шаралар «Самұрық-Қазына» АҚ тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды. Өткен жылы «Самұрық-Қазына» АҚ құрылымына кіретін компаниялардың алдына кең ауқымды міндеттер қойылып, өндірістік қызметке тікелей әсер етпейтін шығыстарды қысқарту секілді нақты тапсырмалар берілді.

Биылғы жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстан энергетикасының болашағын бейнелейтін өте маңызды жобалардың бірқатарын аяқтап та, бастап та үлгерді.

«Богатырь» кесігінде маңызды жоба – көмір өндірудің циклдық-ағындық технологиясын іске асыру қолға алынды. Ағымды тізбекті енгізу 200 метрден астам тереңдікте көмір өндіруге, әрі «Богатырь» кенішінің қуатын жылына 40 миллион тонна көмірге дейін арттыруға мүмкіндік бермек. «Шардара СЭС» АҚ нысанын толық жаңғырту бағдарламасы аяқталды. Жобаға салынған инвестиция 38 млрд теңгені құрады. Алматы және Ақмола облыстарында екі жел электр станциясының құрылысы басталды.

Алдағы жыл да осындай жоғары жауапкершілік пен адал еңбекті, жоғары біліктілікті, негізгі міндеттерді шешуде озық технологиялар мен заманауи тәсілдерді қолдануға деген дайындықты талап етіп отыр. Компанияның келешектегі жоспарында Екібастұз ГРЭС-де энергия блоктарын қалпына келтіру әрі жаңаларын іске қосу, елдің оңтүстік өңірлерінде экологиялық жағдайды жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту секілді маңызды жобалар қамтылған.

Қорыта келе, «Самұрық-Энерго» АҚ әрдайым ел басшылығы мен «Самұрық-Қазына» АҚ белгілеген бағытты ұстанатынын атап өткім келеді. Әсіресе экология, энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне, сондай-ақ заманауи трендтер мен сын-тегеуріндерге сәйкес келетін даму бағыттарына ерекше назар аударылмақ. Компания алдына қойылған барлық міндеттерді толық көлемде шешетініне кәміл сенімдімін.

Құрметпен,Ақшолақов
Болат Оралұлы
«Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы