Инвестициялық жобалар

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Шардара СЭСін жаңғырту» жобасы аяқталды.

Жоба станция жұмысының өнімділігі мен пайдаланылу қауіпсіздігін арттыру үшін моральдық және табиғи тұрғыдан тозған жабдықтарды ауыстыруды көздеді, бұл станцияның белгіленген қуатын 126 МВт-ға арттырып, жылына қосымша 57 млн кВт*с электр энергиясын өндіруге мүмкіндік берді.

Энергетикалық объектіні пайдалануға қабылдау туралы актіге 2020 жылдың тамызында қол қойылды.

Компанияның инвестициялық жобалар портфеліне келер болсақ, 7 инвестициялық жобаны іске асыру жалғасуда, олар жұмыс істеп тұрған станциялардың белгіленген қуатын арттыру және жаңа қуаттарды салу арқылы Қазақстанның электр энергиясы мен электр қуатына тапшылығын жабуға мүмкіндік береді.

Екібастұз көмір кен орнының «Богатырь» кесігінде көмірді өндіру, тасымалдау, сапасын тұрақтандыру және тиеудің циклды-ағынды технологиясына (ЦАТ) көшу» жобасы

ЦАТ жобасы «Богатырь» кесігін көмір өндірудің циклды-ағынды технологиясына кезең-кезеңмен көшіруді және конвейерлік көлікте біркелкілеу қоймаларына кейіннен беткі тиеу кешендеріне тиеу арқылы жеткізуді көздейді. Жобаны іске асыру қажеттілігі темір жол көлігін пайдалану тиімді болмайтын тау-кен жұмыстарының тереңдігіне қол жеткізумен байланысты. Жобаны іске асыру «Богатырь» кесігінің өндірістік қуатын жылына 32 миллионнан 40 миллион тоннаға дейін арттыруға, кәсіпорынның еңбек өнімділігін арттыруға, көмір өндірудің өзіндік құнын төмендетуге және көмір тасымалдау мен тиеу жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік береді.

2020 жылы жабдықтардың 80 %-дан астамы жеткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

«Придорожное» газ кен орнын игеру» жобасы

Жоба ішкі және сыртқы нарыққа сату мақсатында табиғи газ өндіру үшін инфрақұрылым жүйесін салуды көздейді. Жоба аясында сондай-ақ «Придорожное» кен орнынан «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырына дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты ҚР Оңтүстік Қазақстан облысының газға тапшылығын жабу болып табылады, бұл ретте газ өндірудің жылдық жоғары мөлшері 290 млн м3 құрайды.

«Екібастұз ГРЭС-2-ні № 3 энергия блогын сала отырып кеңейту және қайта жаңарту» жобасы

Жоба № 3 энергия блогын сала отырып, станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуды және жылына қосымша 4,8 млрд кВт*с электр энергиясын өндіруді көздейді.

2020 жылы «ЕГРЭС-2» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен жобаны одан әрі іске асыру мақұлданды. Сондай-ақ, 2020 жылы қоймада сақталған жабдықты қабылдау аяқталды және жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу басталды.

«Екібастұз ГРЭС-1 қуатын қайта жаңарту және кеңейту (№ 1 блокты қалпына келтіру)» жобасы

Жоба электр энергиясына деген өсіп отырған сұранысты қанағаттандыру мақсатында Екібастұз ГРЭС-1-дегі қуаты 500 МВт № 1 энергия блогын қалпына келтіруді көздейді.

2020 жылы жобаның сметалық құнын нақтылау мақсатында ЖСҚ түзетілді. Жобаның өтелуі үшін Нарықтық кеңеске инвестициялық келісім жасасу үшін инвестициялық өтінім жіберілді.

«Ерейментау қаласы ауданында қуаты 50 МВт болатын жел электр станциясын салу» жобасы

Жоба Ерейментау қаласы ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салуды көздейді. Жобаны жүзеге асыру жылына 215 млн кВт*с электр қуатын қосымша өндіруге мүмкіндік береді. Жоба мақсаты электр энергиясын өндірген кезде көмірсутекті энергия тасымалдағыштарды пайдалану деңгейін азайту үшін жаңартылатын энергия көздерін қолдану болып табылады.

2020 жылы жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

«Шелек дәлізінде келешекте 300 МВт-ға дейін ұлғайтылатын қуаты 60 МВт жел электр станциясын салу» жобасы

Жоба Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек дәлізінде келешекте 300 МВт-ға дейін ұлғайтылатын қуаты 60 МВт жел электр станциясын салуды көздейді. Жобаны жүзеге асыру жылына 225,7 млн кВт*с электр қуатын қосымша өндіруге мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты электр энергиясын өндірген кезде көмірсутекті энергия тасымалдағыштарды пайдалану деңгейін азайту үшін жаңартылатын энергия көздерін қолдану болып табылады.

2019 жылы жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, 2020 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды, жабдықтар жеткізілуде.

«Қоршаған ортаға тигізетін әсерін мейлінше азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасы

Жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасына сәйкес іске асырылуда. Жобаны іске асырудағы басты мақсат – ЖЭО-2-ні газбен жағуға ауыстыру арқылы Алматы қаласы мен Алматы өңірінің экологиясына теріс әсерін азайту. Жобаны іске асыру ЖЭО-2-ден атмосфераға тарайтын зиянды заттардың шығарындыларын жылына 38,3-тен 6,8 мың тоннаға дейін төмендетуді қамтамасыз етеді.

2020 жылдың мамырынан шілдесіне дейінгі аралықта, COVID-19 пандемиясы жағдайында, жұртшылықтың және мүдделі тараптардың талқылауына салу мақсатында Facebook әлеуметтік желісі арқылы «ҚазҒЗЖИЭнергоөнеркәсіп институты» АҚ әзірлеген Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің (бұдан әрі – ТЭН) алдын-ала нәтижелері жарияланды.

2020 жылдың 30 қазанында Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне арналған «Қоршаған ортаға әсерді алдын-ала бағалау» жобасын талқылау бойынша бейнеконференция режимінде қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

2020 жылдың желтоқсанында жобаның техникалықэкономикалық негіздемесі «Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына сараптамаға жіберілді.

«Алматы ЖЭО-3-ті қайта құру» жобасы

Жобаны іске асыру шеңберінде Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – ТЭН) әзірлеу бойынша қызметтерді сатып алуға тендерлік рәсімдер жүргізілуде.

Жобаның ТЭН-іне қуатты реттейтін мүмкіндігі бар, белгіленген қуаты 450 МВт-ға дейінгі газ турбиналық технологияларды (ГТҚ және БГҚ) қолдануды қарастыру жоспарлануда.

Жобаның ТЭН-ін әзірлеу бойынша жұмыстарды Мемлекеттік сараптама РМК-нің қорытындысын алуын ескере отырып, 2021 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

2021 жылы аяқталады деп жоспарланған жобалар

Ерейментау қ. ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясының құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Жобаны іске асыру жылына қосымша 215 миллион кВт*с артық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

«Шелек дәлізінде келешекте 300 МВт-ға дейін ұлғайтылатын қуаты 60 МВт жел электр станциясын салу» жобасы бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.